БҚО-дағы кәмелетке толмаған қызды зорлау ісі қайта тергеледі

Самал Асқар 25 ақп. 2026 15:44

Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында кәмелетке толмаған қызды зорлау дерегі бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы шешімнің күші жойылды. Бұл туралы ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Dala news.

Оның айтуынша, жәбірленуші тараптың уәждері прокуратурамен бірлесіп қайта қаралған.

«БҚО бойынша кәмелетке толмаған қызға қатысты жасалған әрекет жөнінде ата-анасының өтініші бар. Бүгін прокуратурамен бірлесіп, істі тоқтату туралы процессуалдық шешімнің күшін жойдық. Жәбірленуші тараптың барлық уәждері қосымша тергеу барысында толық тексеріледі», – деді Санжар Әділов мәжіліс кулуарында.

Министр орынбасары бұл іс бұрын қозғалып, кейін жабылғанын растады. Қазіргі уақытта жәбірленушінің ата-анасы келтірген жаңа дәлелдерге байланысты іс қайта жанданған.

Сонымен қатар 68 жастағы бұрынғы әкімдік қызметкері мен 16 жастағы қыз арасындағы қатынасқа байланысты «Кәмелетке толмағанды зорлау» бабы бойынша қозғалған істің жабылуына жауапты полиция қызметкерлері жауапкершілікке тартыла ма деген сұраққа Әділов нақты жауап бермеді.

«Тергеу қорытындысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізу туралы шешім қабылдаймыз. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексерудің нәтижесін күту қажет. Қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді жою бастамасын біз көтердік, оны облыс прокуратурасы қолдады. Енді жәбірленуші тараптың уәждері толық көлемде қайта тексеріледі», – деді ол.

Бұған дейін жәбірленуші қыз бен оның анасы шағымнан бас тартып, арадағы қатынас өзара келісім негізінде болғанын айтқан еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove