Алматыда Орыс православ шіркеуінде бұрын қызмет еткен Иаков Воронцов екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Воронцовтың адвокаты Ғалым Нұрпейісов ҚазТаг агенттігіне пікір білдірді. Оның айтуынша, сот отырысы онлайн форматта өткен. Прокурор күдіктіні қамауда ұстауды сұрап, өз уәждерін келтіргенімен, қорғау тарапы талап еткен дәлел құжаттарын ұсынбаған.
Қорғаушы соттан Воронцовтың денсаулық жағдайын ескеріп, оны үйқамаққа ауыстыруды өтінген. Адвокаттың сөзінше, оның көктамырлары мен буындарына қатысты сырқаты бар, сондықтан үй жағдайында толыққанды ем қабылдауы қажет.
"Біз үйқамақты сұрадық. Ол тергеуден қашпайды, іс жүргізуге кедергі келтіру ниеті жоқ. Соған қарамастан прокурор екі айға қамауды талап етті. Сот қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырмай, екі айға қамау туралы қаулы шығарды. Біз бұл шешіммен келіспейміз және апелляциялық шағым береміз. Сондай-ақ оған қажетті медициналық көмектің көрсетілуін талап етеміз", - деді адвокат ҚазТаг агенттігіне.
Қорғаушы сот шешіміне шағым түсірілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, бұған дейін Ғалым Нұрпейісов Воронцовқа Қылмыстық кодекстің 302-бабы ("Есірткі құралдарын тұтыну үшін притон ұйымдастыру немесе ұстау") және 296-бабы ("Өткізу мақсатынсыз есірткі құралдарымен заңсыз айналысу") бойынша айып тағылғанын мәлімдеген еді.
23 ақпанда оның әкімшілік қамау мерзімі аяқталғанымен, бостандыққа шықпаған. Таңертең ол 72 сағатқа қайта ұсталып, бұл жолы қылмыстық іс аясында күдікті ретінде танылған. Үш тәулік ішінде оған қатысты бұлтартпау шарасы таңдалуы тиіс.
Бұған дейін Алматы қалалық полиция департаменті есірткі құралдарын тұтыну үшін притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлаған.
Әкімшілік қамауда отырған кезінде Воронцов адвокаты арқылы хат жариялап, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. Ол жағдайды Қазақстанда Рус православ шіркеуінен бөлек тәуелсіз православ шіркеуін құру әрекетімен байланыстыратынын мәлімдеген.
Осыған дейін оған «экстремизм» бабы бойынша қозғалған іс тоқтатылғаны айтылған. Сондай-ақ 12 ақпанда ол Алматы қалалық әділет департаментіне қарсы діни бірлестікті мемлекеттік тіркеуден бас тарту шешімін заңсыз деп тану туралы талап арыз берген.
Иаков Воронцов қоғамдағы бірқатар өзекті мәселелер бойынша ашық сыни пікірлерімен танымал. 2023 жылғы 19 маусымда ол дін қызметін тоқтататынын жариялаған.
