Танымал кәсіпкер Жұмабек Жанықұлов академик Асқар Жұмаділдаевқа көлік сыйлады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ерекше сәттің видеосы кәсіпкер Сырымбек Таудың әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды.
"Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев ағамызға тосынсый! Қазақтың тірі қазынасының бірі, ардақты ұстазымыз Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев 70 жасқа толды. Осы мерейтойына орай Жұмабек Жанықұлов ағамыз ерекше тосынсый жасап, ағамызға Hyundai Palisade көлігін мінгізді. Ағамызды мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз! Деніне саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!" - деп жазды ол.

Желі қолданушылары ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебізін жазып жатыр:
"Қандай керемет! Ағамызды құрметтегеніңізге шексіз алғыс!", "Асылдарымыздың көзі тірісінде қадірін білейік осылай", "Бәрекелді, берушіге де, алушыға да сыйапат қайырлы болсын", "Жарайсыздар, ел ағалары".
Айта кетейік, Қазақстанның көрнекті математигі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері Асқар Жұмаділдаев - Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал ғалым. Академик Солтүстік Америка және Еуропаның көптеген елінде дәріс оқыған.
Ғалымның негізгі зерттеу саласы - алгебра және дифференциалдық теңдеулер. Ол 1988 жылы физика-математика ғылымдарының докторы атағын алды. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Асқар Жұмаділдаевтің еңбектері жоғары деңгейлі халықаралық ғылыми басылымдарда жарық көрген, оның жұмыстарын шетелдік математиктер де жоғары бағалайды.
