Белгілі продюсер Баян Алагөзова Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Продюсер бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
«Қымбатты Меруерт апай, осы тонды Сізге сыйлыққа беремін, мен оны махаббатпен таңдадым, сізге ұнайды деп сенемін. Осы фильмдегі рөліңіз үшін, қазақ мәдениетіне қосқан үлесіңіз үшін алғыс айта отырып, өз атымнан және жолдасымның атынан өмір бойына ай сайын 1 млн теңге беріп отырамыз», – деді Баян Алагөзова.
Баян Мақсатқызы бұл қолдауын неліктен көпшілікке жария еткенін де түсіндіре кетті. Ол ел мәдениетіне үлес қосқан көптеген өнер адамдары уақыт өте келе назардан тыс қалып жататынын айтып, осылайша меценаттарды шығармашылық иелеріне қолдау көрсетуге шақыратынын жеткізді.
Сондай-ақ ол Меруерт Өтекешованы «мәңгі Қыз Жібек» әрі қазақ қыздарының символы деп атап, келесі жылы өтетін Қазақ Аруы байқауына құрметті қонақ ретінде шақырды.
