Үлкен Алматы көліне баратын жолда көлік қатынасына шектеу қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Медеу бөлімшесіне қарасты Үлкен Алматы орманшылығының маманы Мұрат Рысқұл айтты. Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында қазір 46 туристік бағыт бар, оның 38-і жұмыс істеп тұр.
"Жыл сайын жазғы кезеңде туристік бағыттарды бақылауды күшейтеміз, себебі келетіндер көп. Барлық қолданыстағы бағыт мемлекеттік инспекторлардың бақылауында. Негізгі міндет - туристердің жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету", - дейді Мұрат Рысқұл.
Үлкен Алматы көліне апаратын бағыт - адам ең көп баратын орынның бірі. Мұнда жеке көліктердің, мототехниканың, электрсамокат, электр велосипед, басқа да құралдардың жүруіне тыйым салынған.
"Көлге апаратын жол күрделі тау бедері арқылы өтеді. Көліктің әртүрлі түрі араласып кеткенде жол апаты жиілеп кетуі мүмкін", - деді ол.
Қазір ұлттық паркте кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
