Бүгін еліміздің бірқатар өңірінде ауа райы құбылады

Қаракөз Амантай 25 ақп. 2026 07:30

"Қазгидромет" РМК Қазақстанның бірнеше аймағында қолайсыз ауа райы болатынын мәлімдеді. Кей өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түссе, бірқатар облыста тұман, көктайғақ болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Түркістан облысының батыс, оңтүстік және таулы аумақтарында жауын-шашын түседі. Күннің екінші жартысында нөсер жауын жаууы ықтимал, оңтүстікте найзағай ойнайды. Тұман түсіп, желдің екпіні кей жерлерде 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.

Шымкентте түнде және кешке жаңбыр жауып, тұман болуы мүмкін. Жел күндіз 15–20 м/с дейін күшейеді. Түркістан қаласында да жаңбыр мен тұман күтіледі.

Алматы облысында, сондай-ақ Алматы мен Қонаевта тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал. Оңтүстік және таулы өңірлерде жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.

Ұлытау облысының оңтүстігінде көктайғақ болады. Желдің жылдамдығы 15–20 м/с, кей уақытта 25 м/с-қа жетуі мүмкін. Осындай жел Жезқазғанда да күтіледі.

Қарағанды облысының бірқатар бөлігінде тұман түседі, күндіз жел күшейеді.

Қызылорда облысында ауа райы күрт құбылады: оңтүстікте көктайғақ, күндіз жаңбыр мен қар, бұрқасын күтіледі. Орталық және шығыс аймақтарда жауын-шашын мол болуы мүмкін. Желдің екпіні 25 м/с-қа дейін жетеді.
Қызылорда қаласында да жаңбыр, қар, көктайғақ және бұрқасын болжанып отыр.

Маңғыстау облысының бірқатар бөлігінде көктайғақ, Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында жаяу бұрқасын күтіледі. Жел 15–20 м/с шамасында.

Батыс Қазақстан, Абай, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі. Тиісінше Орал, Семей, Өскемен қалаларында да көріну нашарлауы мүмкін.

Жамбыл облысының оңтүстік-батысы, шығысы және таулы аумақтарында көктайғақ пен тұман болжанып отыр. Жел екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшеюі ықтимал. Таразда да тұман мен көктайғақ болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove