Әлеуметтік желіде Алматы облысы Есік қаласында болған оқиғаның видеолары тарап жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желіде тараған кадрда атыс дауысы, айқай-шу естіледі. Сонымен қатар, бірнеше адам жүгіріп жүргені көрінеді.
"Бізде атыс болып жатыр, дәл балабақшаның алдында", - дейді видеода әйел адам.
Полицияның мәліметінше, бұл оқиға 28 наурызда Еңбекшіқазақ ауданында болған.
"Оқиғаға қатысты бұзақылық және полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсету дерегі бойынша екі қылмыстық іс тіркелді. Жеті адам күдікті ретінде танылды. Оқиғаға қатысы барлар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ІІМ өкілі.
Ведомство мәліметіне сүйсенсек, оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ауаға ескерту сипатында оқ атқан.
"Қазір соталды тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Тергеуді Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасы жүргізіп жатыр. Тергеп-тексеру барысы ерекше бақылауға алынды", - деді полиция.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда болған оқиғалар жұрт есінде. 2024 жылы Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмған еді.
