"Косметика ретінде кіргізбек болған". Алматы әуежайында Үндістаннан келген күмәнді жүк әшкереленді

Ақтоты Жапатова 30 нау. 2026 12:06

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті халықаралық әуежайда Үндістаннан жеткізілген ірі дәрі-дәрмек партиясы анықталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, құжаттарда жүк косметикалық өнім ретінде рәсімделген. Алайда тексеру барысында оның ішінде жалпы салмағы 1324 келіні құрайтын 39 түрлі дәрі-дәрмек бар екені белгілі болған. Алдын ала есеп бойынша жүктің кедендік құны 5 млн теңгеден асады.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша тексеру жүргізілуде. Оның нәтижесіне қарай кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту мәселесі шешіледі.

Мамандардың айтуынша, тауарларды дұрыс декларацияламағаны немесе жалған мәлімет көрсеткені үшін жүктің құнының 25 пайызы көлемінде айыппұл қарастырылған. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ шекарасы арқылы тауарларды өткізу кезінде тыйымдар мен шектеулерді бұзғаны үшін 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып, мүлік тәркіленуі мүмкін.

Департамент дерегіне сәйкес, жыл басынан бері Алматы қаласында есірткі заттары бар тауарларды заңсыз әкелудің 17 дерегі анықталған. Мұндай жүктің жалпы салмағы 25,84 келіні құраған. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жолданған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove