Қазақстанда интернет-алаяқтық күн өткен сайын күрделеніп, жаңа әрі қауіпті тәсілдермен көрініс табуда. Кейінгі жылдары криптоалаяқтық, фишинг, дропперлік схемалар мен жалған сілтемелер арқылы жасалатын қылмыстар жиілеген. Заңгер Фархад Әбдіқадырдың айтуынша, мұндай құқықбұзушылықтар Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы аясында қарастырылғанымен, оларды әшкерелеу тәжірибеде айтарлықтай қиындық тудырады. Бұл туралы ол Dalanews.kz редакциясына берген пікірінде мәлімдеді.
Қандай баптармен реттеледі?
Заңгердің сөзінше, интернет-алаяқтық ең алдымен ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабымен (“Алаяқтық”) қарастырылады.
“Бұл бап алаяқтықтың барлық түрін, соның ішінде интернет арқылы жасалған қылмыстарды қамтиды”, – дейді заңгер.
Сонымен қатар ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізуге қатысты 205–213-баптар, оның ішінде 211-бап (“ақпаратқа заңсыз қол жеткізу”) қолданылады.
“Көп жағдайда алаяқтық пен деректерді заңсыз пайдалану қатар жүреді”, – дейді ол.
Заңнамадағы жаңа өзгерістер
Кейінгі жылдары заңнама интернет-алаяқтықтың жаңа түрлеріне бейімделе бастады.
“Криптоалаяқтық, фишинг және деректерді ұрлау нақты қылмыс ретінде айқындала түсті”, - дейді заңгер.
Сонымен қатар Қылмыстық кодекске жаңа 232-1-бап енгізілген. Бұл бап “дропперлікке” қатысты, яғни алаяқтардың өзге адамдардың банк шоттарын пайдаланып, заңсыз ақша аудару схемаларын ұйымдастыруына байланысты жауапкершілікті қарастырады.
Ең кең тараған алаяқтық түрлері
Заңгердің айтуынша, қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың бірнеше кең таралған түрі бар.
“Соның ішінде фишинг ерекше орын алады. Алаяқтар СМС, WhatsApp арқылы немесе жалған қоңыраулар шалып, азаматтардың жеке деректерін алуға тырысады”, – дейді ол.
Сонымен қатар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдайтын жағдайлар жиілеген.
“Олар құпия кодтар мен қаржылай мәліметтерді сұрайды”, – деп ескертті заңгер.
Бұдан бөлек, азаматтардың атына онлайн-несие рәсімдеу фактілері де көбейіп отыр.
“Бұл – кейінгі жылдары жиілеген қауіпті схемалардың бірі”, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, криптовалюта мен трейдингке байланысты жалған инвеститсиялық жобалар да кең таралған.
“Алаяқтар жоғары табыс уәде етіп, адамдарды қаржы салуға көндіреді”, – дейді заңгер.
Сонымен қатар маркетплеистерде, соның ішінде ОЛX секілді платформаларда да алдау фактілері жиі кездесетінін алға тартты.
“Бұл жерде тауарды көрмей тұрып ақша аудару сияқты тәуекелдер бар”, – деп түсіндірді ол.
Ал дропперлік схемаларда қылмыскерлер бөтен адамдардың банк шоттарын пайдаланады.
“Олар ақша аудару операцияларын үшінші тұлғалардың атымен жүргізеді”, – дейді заңгер.
Қылмыстық жауапкершілік қалай қаралады?
Заң тұрғысынан интернет-алаяқтықтың әрбір түрі Қылмыстық кодекстің нақты баптары бойынша сараланады. Заңгер Фархад Әбдіқадырдың түсіндіруінше, мысалы, басқа адамның атына онлайн-несие рәсімдеу тек алаяқтық ретінде ғана емес, сонымен қатар ақпаратқа заңсыз қол жеткізу бабы бойынша да қаралады. Оның айтуынша, бөтен адамның жеке деректерін пайдалану – жазаны ауырлататын мән-жай саналады.
“Бұл жаза көлеміне тікелей әсер етеді”, – дейді ол.
Сол сияқты, фишинг арқылы код алу немесе азаматтарды жалған сілтемелерге кіргізу де алаяқтық әрекет ретінде бағаланады. Мұндай жағдайда іс ақпараттық жүйелерге заңсыз қол жеткізу бабымен толықтырылады. Ал жалған инвестициялық жобалар арқылы ірі көлемде қаржы тартылған жағдайда жауапкершілік одан әрі күшейеді.
"Ірі және аса ірі мөлшер болған жағдайда жауапкершілік те ауыр болады”, – дейді ол.
Шетелдегі алаяқтарды жауапқа тарту мүмкін бе?
Шетелде жүрген алаяқтарды жауапқа тарту мәселесі әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Заңгердің айтуынша, мұндай істерде халықаралық ынтымақтастық шешуші рөл атқарады.
“Интерпол және өзге де халықаралық механизмдер бар. Алайда практикада қиындықтар туындап жатады. Көптеген колл-орталық шетелде орналасқандықтан, қылмыстардың ашылу деңгейі төмен”, – дейді ол.
Алаяқтық құрбаны болсаңыз не істеу керек?
Алаяқтық құрбаны болған жағдайда ең бастысы – уақыт жоғалтпай әрекет ету. Фархад Әбдіқадырдың сөзінше, алдымен банкке дереу хабарласып, шотты бұғаттау қажет. Бұл қаражаттың әрі қарай аударылып кетуінің алдын алуға мүмкіндік береді. Одан кейін міндетті түрде полицияға арыз жазу керек.
“Бұл қылмыстық іс қозғау үшін маңызды”, – дейді ол.
Оның айтуынша, банк қаржылай операцияны тоқтатса, полиция тергеу жүргізеді.
Қандай дәлелдер қажет?
Жәбірленуші барлық дәлелді сақтауы тиіс.
“Чаттар, аудио жазбалар, ақша аударымдары, карта деректері және сайттардың скриншоттары – барлығы маңызды”, – дейді заңгер.
Банк жауапкершілігі қандай?
Бұл мәселе әр жағдайға байланысты әртүрлі.
“Егер банк күмәнді операцияны тоқтатпаса немесе қауіпсіздік шараларын сақтамаған болса, жауапкершілікке тартылады”, – дейді ол.
Алайда клиенттің өзі кодты беріп қоюы жағдайды өзгертеді.
“Егер азамат СМС-кодты өзі берген болса, банк көбіне жауапкершілік арқаламайды”, – дейді заңгер.
Қалай қорғануға болады?
Сарапшы негізгі ережелерді атады.
“СМС-кодты ешкімге бермеу керек, “банк қызметкері” дегенге сенбеу керек, тек ресми қосымшаларды пайдалану қажет”, – дейді ол.
Сонымен қатар жеке деректерді қорғау маңызды.
“ЭЦП және ЖСН мәліметтерін сақтап, күмәнді инвеститсияларға ақша салмау керек”, – дейді заңгер.
Қай кезде бірден дабыл қағу керек?
Заңгердің айтуынша, кейбір жағдайларда дереу әрекет ету қажет.
“Егер ақша аударылып кетсе, сіздің атыңызға несие рәсімделсе немесе картаңызға күмәнді кіру болса – бірден әрекет ету керек”, – дейді ол.
Сондай-ақ СМС-код сұрау немесе қысым көрсету жағдайлары да қауіпті белгі.
“Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпай, бірден банкке және полицияға жүгіну қажет”, – деп түйіндеді заңгер Фархад Әбдіқадыр.
Айта кетейік, бұған дейін Instagram арқылы жасалған алаяқтықтан 121 адам зардап шегіп, 9 млн теңгеге жуық шығын келгені туралы жазған едік.
Қызылорда облысы прокуратурасының мәліметінше, 31 жастағы азамат 2024 жылы жалған парақша ашып, адамдарға "ақшаны еселеп қайтарамын" деп уәде берген.
Ол жәбірленушілердің қаражатын 1XBETKZ букмекерлік кеңсесі мен Wooppay Wallet арқылы иемденген.
Нәтижесінде республика бойынша 121 азамат алданып, жалпы шығын шамамен 9 млн теңгені құраған.
2025 жылғы 19 қарашадағы сот үкімімен күдікті 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған.
Сот барысында ол кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеген. Осыған байланысты оған бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмаған.
Қазіргі уақытта сотталған пробациялық бақылауда жазасын өтеп жатыр.
