Үйілген топыраққа соғылған: ШҚО-да жол салғандардың қатесінен бала қайтыс болды

Сағыныш Сардарова 30 нау. 2026 12:46

Шығыс Қазақстан облысында баланың өліміне әкеп соққан жол апаты бойынша іс сотқа дейін жетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті Күршім аудандық полиция бөлімі кәмелетке толмаған жолаушының өліміне кінәлі деп танылған жол құрылыс ұйымдарының бірінің 53 жастағы бас инженеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу барысында жол үстіндегі үйілген топырақ көлік қозғалысына қауіп төндіргені белгілі болды. Алайда күдікті "Жол жүрісі туралы" ҚР заңының талаптарына қарамастан, ескерту белгісін орнатпаған.

"Осы салғырттықтың салдарынан 31 қазанда Күршім–Қалжыр–Ақсуат тасжолының 37-шақырымында ауданның 37 жастағы тұрғыны жол үстіндегі үйілген топыраққа соғылған. Оқиға салдарынан оның 2019 жылы туған кішкентай ұлы оқиға орнында көз жұмған, ал 2017 жылы туған қызы түрлі жарақат алған", - деді полиция.

Қылмыстық істі тергеу шамамен үш айға созылған. 2026 жылы қаңтарда іс сотқа жолданып, наурызда айыптау үкімі шықты. Сот инженерді кінәлі деп таныды. Оған бас бостандығынан және бір жыл мерзімге жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove