Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті жастарды радикалды және деструктивті ағымдардан қорғау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Университетте алдын алу шаралары ең алдымен білім беру арқылы жүзеге асады. Студенттерге дәстүрлі ислам негіздері – ханафи мәзһабы мен матуриди ақидасы оқытылып, радикалды идеологиялардың ерекшеліктерін талдауға арналған арнайы пәндер енгізілген.
Сонымен қатар, оқу орнында қосымша білім беру орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық студенттердің бос уақытында кәсіби білімін толықтыруына және отандық діни ғұламалардың еңбектерін тереңірек зерттеуіне мүмкіндік береді.
Университет жанындағы діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы да белсенді қызмет атқарады. Оның аясында түрлі сала мамандарының қатысуымен кездесулер өткізіліп, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді.
Мамандардың айтуынша, жастарды жалған діни ақпараттан қорғау үшін сапалы әрі сенімді контентті көбейту, сыни ойлау қабілетін дамыту және дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен түсіндіру қажет.
Бұл шаралар жастардың радикалды идеологияларға қарсы иммунитетін қалыптастырып, қоғамдағы рухани тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді.
