Бүгін Мәжіліс мінберінде депутат Асхат Аймағамбетов жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамдағы ең өткір әрі даулы сұрақтарға жауап беруге тырысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Референдум қарсаңында қоғам екіұдай пікірде. Бірі құжатты жаңғырту қажет десе, енді бірі әлеуметтік кепілдіктер әлсірей ме деп алаңдайды. Аймағамбетовтің сөзі дәл осы күмән мен сынға бағытталды.
Оның айтуынша, 16 ақпаннан бері «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясы елді аралап, мыңдаған кездесу өткізген. Сол кездесулерде халықты ең көп мазалаған мәселе білім мен денсаулық сақтау саласының болашағы болған. Әлеуметтік желілерде «білім мен медицина толық ақылы болады» деген ақпарат тараған. Депутат бұл пікірді ашық түрде фейк деп атады.
«Тағы да қайталап айтамын, білім мен медицина азаматтарымыз үшін ақысыз әрі қолжетімді болып қала береді»,- деді ол.
Аймағамбетов Қазақстан әлеуметтік мемлекет болып қала беретінін, бұл қағида жаңа Конституция жобасында нақты бекітілгенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік бюджеттің шамамен 40 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады және бұл бағыт өзгермейді. Сонымен қатар Ата заңның 1-бабында мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам және оның құқықтары екені айқын жазылғанын еске салды. Жаңа жобада әлеуметтік қызметтерді ақысыз алу құқығы нақты көрсетілгенін алға тартты.
Дегенмен қоғамдағы күмән тек медицина мен мектеп төңірегінде емес. Конституциядан «мемлекеттік жоғары оқу орындары» деген тіркесті алып тастау ұсынысы да қызу талқыланып жатыр. Кей сарапшылар мұны жекешелендірудің кезекті қадамы деп қабылдады. Аймағамбетов бұл тұжырыммен келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мемлекеттік гранттар арқылы студенттер тек мемлекеттік емес, жекеменшік университеттерде де тегін оқи алады. Мысал ретінде КИМЭП университеті, Мақсұт Нәрікбаев атындағы университет және Тұран университеті аталды. Оның пікірінше, норма әлеуметтік кепілдікті қысқарту емес, грант иегерлеріне таңдау еркіндігін беру үшін ұсынылып отыр.
Сөз бостандығына қатысты да алаңдаушылық бар. Әсіресе соңғы жылдары сын айтқан азаматтарға қатысты сот процестері жиілегені қоғамда жиі талқыланады. Аймағамбетов жаңа Конституция жобасында сын айту құқығы мен адамның ар-намысын әдейі қорлау ұғымдарының арасы нақты ажыратылғанын айтты.
«Лауазымды тұлғаларды сынауға, олардың қызметіне қатысты жағымсыз пікір білдіруге болады. Бірақ ешкімді кемсітуге, қорлауға болмайды», - деді депутат.
Бұл жерде негізгі сұрақ өзгермейді: норманың мәтіні қалай жазылса да, оны қолдану тәжірибесі қандай болады? Қоғам дәл осы орында күмәнданады. Заңдағы сөз бостандығы мен шынайы қоғамдық практика әрдайым сәйкес келе бермейтіні белгілі.
Тағы бір даулы тақырып арнайы құқықтық режимдерге қатысты. Кейбір сарапшылар мұндай нормалар болашақта «ерекше аймақтар» арқылы мемлекеттің унитарлық қағидатына қауіп төндіруі мүмкін деген пікір айтты. Аймағамбетов мұны жоққа шығарды. Оның сөзінше, арнайы режимдер елдің экономикалық егемендігін күшейтуге бағытталған. Ірі инвестициялық жобаларға ұзақ мерзімді тұрақтылық қажет. Қарапайым заңдар бюджет тапшылығы немесе саяси өзгерістерге байланысты оңай түзетілуі мүмкін, ал конституциялық деңгейдегі кепілдік инвесторға сенім береді. Мысал ретінде Астана халықаралық қаржы орталығы және Алатау қаласы аталды.
Дегенмен қоғам үшін басты мәселе инвестор сенімі емес, азаматтың сенімі. Конституцияға енгізілетін әр норма тек экономикалық тартымдылықты емес, билік пен қоғам арасындағы сенімді де айқындайды. Соңғы жеті жылда елде ауқымды саяси өзгерістер болды. Төрт саяси реформалар пакеті қабылданды, 2022 жылғы конституциялық өзгерістер жүзеге асты. Бірақ реформалардың нақты нәтижесі халықтың күнделікті өмірінде қаншалықты сезілді деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.
Аймағамбетов сөз соңында әріптестерін өңірлердегі қоғамдық пікірді мұқият талдап, азаматтарды мазалаған сұрақтарға нақты жауап беруге шақырды. Референдумға аз уақыт қалды. Бүгінгі Мәжіліс мінберінен айтылған сөздер тек түсіндіру жұмысы емес, қоғамдағы күмәнге берілген саяси жауап болды. Ендігі шешімді халық қабылдайды.
