Мерейтойдағы мәртебелі марапат: Жүрсін Ерманға “Қазақстанның Халық жазушысы” атағы берілді

Dalanews 19 ақп. 2026 05:45

Айтыс өнерінің айбары, ұлттық руханияттың жанашыры, көрнекті қаламгер әрі қоғам қайраткері Жүрсін Ерман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған Жарлыққа сәйкес «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағына ие болды, деп хабарлайды Dalanews.kz

Жоғары марапат ақынның ұлттық әдебиет пен айтыс өнерін дамытуға, қазақ руханиятының көкжиегін кеңейтуге сіңірген ерен еңбегі үшін табысталды. Қасиетті өнердің қадірін арттырып, айтысты жаңа деңгейге көтерген Жүрсін Ерманның шығармашылық жолы – тұтас бір дәуірдің шежіресі.

Құрметті атақ ақынның 75 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында арнайы тапсырылды. Мемлекеттік марапатты Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды ақынға ерекше ілтипатпен табыс етіп, оның ұлт руханиятына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті. Бұл – қаламгерге көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.

Мерейтой кешінде тағы бір әсерлі сәт орын алды. Ұстазының өнегесін көріп өскен шәкірттері Жүрсін Ерманға зор алғыстың белгісі ретінде автокөлік сыйлады. Бұл – айтыс мектебін қалыптастырып, талай жас ақынның тұсауын кескен ұстазға деген шынайы құрмет пен ықыластың белгісі.

Айта кетейік, бұған дейін Жүрсін Ерман «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағына ие болып, Қазақстан Жазушылар одағы тағайындайтын Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықпен екі мәрте марапатталған.

 

Жүрсін Ерман – айтыс өнерінің қайта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Оның ұйымдастырушылық еңбегі мен шығармашылық қуаты қазақ мәдениетінің алтын қорында мәңгі сақталары сөзсіз.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove