Педагогтерді аттестаттау: министрлік тестілеуге қатысты ресми түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 22 сәу. 2026 09:16

Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне қатысты Dalanews.kz редакциясының сауалына ресми жауап берді.

Тестілеу ішінара сақталған

Министрлік мәліметінше, педагогтердің біліктілігін бағалау тестілеуі толық жойылмаған. Жаңа аттестаттау қағидаларына сәйкес, тестілеуден енді тек педагог мамандығына алғаш рет жұмысқа орналасатын үміткерлер, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен әдіскерлер өтеді.

"Ал бұрыннан жұмыс істеп жүрген педагогтер үшін бағалау тәсілдері өзгеріп, тестілеу талаптары жеңілдетілген", - деді ведомство.

Тестілеу туралы хабарламалар неге жіберілді?

Министрлік өңірлерге тестілеуге қатысты хабарламалардың жолдануын аттестаттау үдерісінің кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанымен түсіндірді.

Атап айтқанда, 2026 жылдың 16 сәуірінен бастап тестілеудің алғашқы мүмкіндігін пайдаланбаған педагогтерге қайта тапсыруға жағдай жасалған.

Сондай-ақ ведомство аттестаттау рәсімі әзірге қолданыстағы қағидаларға сәйкес жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мәлімдеме мен нұсқаулық арасында қайшылық жоқ

Министрлік министрдің мәлімдемесі мен өңірлерге жолданған нұсқаулықтар арасында қайшылық жоқ екенін мәлімдеді.

"Министрдің мәлімдемесі – бұл реформаның негізгі бағыттары мен стратегиялық ұстанымдарын айқындайтын жалпы саясаттық позиция. Ал өңірлерге жолданған нұсқаулықтар сол өзгерістерді іс жүзінде кезең-кезеңімен жүзеге асыру тетіктерін нақтылайды", – деп түсіндірді ведомство.

Яғни айырмашылық мазмұнда емес, тек ақпараттың берілу деңгейінде – бірі жалпы бағытты көрсетсе, екіншісі нақты рәсімдер мен мерзімдерді қамтиды.

Жүйе кезең-кезеңімен жаңартылады

Министрлік қазіргі кезеңді өтпелі кезең ретінде бағалап отыр.

"Осы уақытта қолданыстағы Қағидалар мен жаңа тәсілдер қатар қолданылуы мүмкін. Сондықтан кейбір мәселелер бойынша түсіндірмелер кезең-кезеңімен нақтыланып отырады", – делінген жауапта. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove