Қазақстанның банк жүйесінде парадоксалды, бірақ маңызды сигнал қалыптасты. Ақша ағыны жұмсалудан көрі жинақталуға бет алған, - деп хабарлайды .
Биылғы сәуір айында екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің жалпы көлемі шамамен 47,2 трлн теңгеге жетті, ал кредит портфелі 42,6 трлн теңгені құрады. Яғни, банктердегі жиналған ақша берілген несиеден айтарлықтай көп.
Бұл өсімнің негізгі көзі қарапайым халық болып отыр. Жеке тұлғалардың депозиттері тұрақты түрде көбейіп, 2026 жылдың басында 17,4 трлн теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша олар бір жылда 15,8%-ға өсіп, 26,2 трлн теңгені құраған еді.
Ал бизнес депозиттері керісінше біркелкі емес динамика көрсетіп отыр. Жыл басында олар азайып, қазір шамамен 13,9 трлн теңге деңгейінде тұрақтанды. Бұл бизнестің ақшаны банкте ұстап отырмағанын немесе айналымға жіберіп жатқанын білдіреді.
Ең басты тренд - халыққа кредит беру қарқыны қатты баяулады. Мысалы, 2026 жылдың ақпан айында жалпы кредит портфелінің өсімі небәрі 0,4% болды. Ал халыққа кепілсіз несие беру кемінде 10 пайызға төмендеді.
Кредит беру азайғандықтан, соңғы айларда банктердің Қазақстан Ұлттық Банкі құралдарына ақша салуы күрт өсті. Қысқа мерзімді, кепілмен қамтамасыз етілген операциялар (РЕПО) арқылы табыс табу белсенділігі артып келеді.
Бизнеске кредит баяу берілген сайын жаңа жобалар да баяу іске асады, инвестиция азаяды, жалпы экономикалық айналым тежеледі. Қарапайым тілмен айтсақ, қазір Қазақстанда ақша бар, бірақ ол толық айналымға түспей отыр. Банктер тәуекелден қашып, қорғаныс режиміне көшкен. Бұл қысқа мерзімде тұрақтылықты сақтауы мүмкін. Бірақ арты жақсылыққа апармайды.
