Қазақстанда педагогтерді бағалау жүйесі толық қайта қаралып жатыр. Оқу-ағарту министрлігі мұғалімдерді бұрынғыдай есеп пен формалды көрсеткіштер арқылы емес, нақты нәтиже бойынша бағалауға көшпек, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте вице-министр Шынар Ақпарова мәлімдеді.
Жаңа модель пилоттық режимде енгізілуде және ол білім беру жүйесіндегі ең даулы әрі ұзақ жылдар бойы сыналып келген мәселелердің бірін өзгертуді көздейді. Яғни, мұғалім жұмысының тиімділігі енді қағазбастылықпен емес, оқушыға әсерімен өлшенеді.
«Педагог-модератор санаты үшін ашық сабақтар саны едәуір қысқартылады: бұрын жыл сайын 5 сабақ өткізу көзделсе, енді аттестаттау кезеңі ішінде барлығы 4 ашық сабақ өткізу жеткілікті болады. Біліктілікті арттыру курстарының көлемі 72 сағаттан 36 сағатқа дейін қысқартылады. Педагогтің білім беру ұйымы деңгейінде шығармашылық топтарына, жобаларға қатысуы талап етіледі. Білім беру ұйымында сынып сағаттарын немесе сыныптан тыс іс-шараларды өткізу талабы енгізіледі», – деді вице-министр.
Министрлік бұл өзгерістер тек бір санатпен шектелмейтінін атап өтті. Педагог-сарапшы, педагог-зерттеуші және педагог-шебер деңгейлеріне де ұқсас талаптар қайта қаралып жатыр.
Басты өзгерістің бірі – аттестаттау жүйесінің толық цифрландырылуы. Барлық процесс «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Онда мұғалімнің еңбек өтілі, кәсіби жетістіктері, сертификаттары мен портфолиосы автоматты түрде қалыптасады. Бұл құжат айналымын қысқартып, мұғалімдердің уақытын есеп беруге емес, оқыту процесіне бағыттауға мүмкіндік береді.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа жүйе тек қаржылық ынталандыру құралы емес.
«Аттестаттау тек қосымша қаржылық ынталандыру құралы емес, ең алдымен педагог қызметінің сапасын әділ бағалау тетігі ретінде қарастырылып отыр. Сонымен бірге аттестаттау педагогтің негізгі қызметіне кедергі келтірмей, оны қолдайтын жүйе ретінде қалыптастырылады, яғни педагогтің уақыты артық есептілікке емес, оқушымен жұмысқа бағытталуы қамтамасыз етіледі», – деді Ақпарова.
Бұл бастама соңғы жылдары білім саласында жүргізіліп жатқан жалпы реформалардың жалғасы. Бұған дейін де министрлік мұғалімдердің жүктемесін азайту, қағазбастылықты қысқарту және кәсіби дамуды күшейту бағытында бірқатар өзгеріс енгізгенін мәлімдеген. 
Сонымен қатар жаңа талаптар педагог мамандығына түсу кезеңінен бастап күшейтіліп жатыр. Енді педагогикалық мамандықтарға қабылдау үшін шекті балл 75-ке дейін көтерілген. Бұған қоса, тек тестке тәуелділік азайып, арнайы емтихандарды қамтитын аралас бағалау жүйесі енгізілмек.
Министрлік мұғалім мәртебесін арттыру бағытында әлеуметтік қолдау шаралары да жалғасып жатқанын айтады. Соңғы жылдары мектеп мұғалімдерінің жалақысы екі есеге өскен, ал мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің табысы 30 пайызға артқан. Демалыс ұзақтығы 56 күнге дейін көбейген. Осы өзгерістердің нәтижесінде педагогтердің 95 пайызы өз мамандығына қанағаттанатынын білдірген.
Жалпы, ұсынылып отырған жаңа модель білім жүйесінде парадигмалық өзгеріс ретінде бағалануда. Егер бұрын мұғалімнің жұмысы есеп пен формальды талаптарға тәуелді болса, енді негізгі назар нақты нәтижеге, оқушының дамуына және білім сапасына аударылады.
Алайда сарапшылар бұл реформаның қалай іске асатыны шешуші фактор болатынын атап өтеді. Себебі талаптарды жеңілдету мен бағалау тәсілін өзгерту – бір бөлек, ал оны әділ және тиімді жүзеге асыру – мүлде басқа мәселе.
