Қазақстанда оқушыларға смартфон пайдалануға толық тыйым салынуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 16 ақп. 2026 17:21

Қазақстан мектептерінде оқушылардың смартфон қолдануына толық тыйым салу жоспарланып отыр. Мұндай түзету педагог мәртебесі мен білім беру мәселелеріне қатысты заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазір әр мектептің әкімшілігі оқушыларға смартфонды қай жағдайда қолдануға рұқсат берілетінін өзі анықтайды. Заң бойынша тыйым тек сабақ кезінде күшінде, ал үзілісте телефон пайдалануға болады. Құрылғы оқу үдерісіне қажет болса, мұғалімнің шешімімен қолдануға рұқсат етіледі.

Заң жобасының салыстырмалы кестесіне сәйкес бұл норманы алып тастап, оқушылардың гаджет пайдалану тәртібін айқындау құқығын білім беру саласындағы уәкілетті органға беру ұсынылған. Бұл міндетті Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі немесе өңірлік білім басқармалары атқаруы ықтимал.

Депутаттар "Білім алушылардың құқықтары мен міндеттері" туралы 47-бапты мынадай редакцияда ұсынды:

"Орта білім беру ұйымдарында оқу үдерісі кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс құрылғысын пайдалануына жол берілмейді. Білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен орта білім беру ұйымдарында ұялы байланыс құрылғысын пайдалану қағидаларында көзделген жағдайлар бұған кірмейді".

Түзетудің негіздемесінде ұялы байланысты тек сабақта емес, үзіліс кезінде де шектеу кибербуллинг пен зиян контент тәуекелін азайтуға, мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге, оқушылардың тікелей қарым-қатынасын арттыруға және салауатты білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал ететіні айтылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove