Шымкентте полицейлер қарияларға паркте жаттығумен айналысуға рұқсат бермей қойған

Көркем Алдабергенова 23 ақп. 2026 10:17

Шымкенттегі Металлург паркінде тұрғындар мен полиция арасында түсініспеушілік туындады. Полицейлер қарияларға жаттығумен айналысуға рұқсат бермей қойған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Паркке күн сайын таңертең зейнет жасындағы азаматтар мен өзге де тұрғындар жиналып, жаппай таңғы жаттығу жасайды. Жаттығу барысында ырғақ үшін шағын колонкадан музыка қосылады.

Алайда тұрғындардың айтуынша, 22 ақпанда таңғы сағат 07:00 шамасында паркке екі патрульдік полиция қызметкері келіп, музыканы өшіруді талап еткен. Полицейлер көршілес үйлердің тұрғындарынан шағым түскенін айтқан.

Таңғы жаттығуға қатысушылар бұл талапты түсініксіз деп санайды. Олардың сөзінше, паркке ең жақын тұрғын үй кемінде 500 метр қашықтықта орналасқан, ал музыка парк аумағында әрең естілетін деңгейде қосылған.

«Жанымызда BI Group компаниясы тұрғын үй кешенін салып жатыр. Жаз бойы крандар мен ауыр техника түннің бір уағына дейін жұмыс істеді. Оған талай рет шағымдандық, бірақ еш нәтиже болмады. Ал енді таңғы жаттығудағы бәсең музыкаға бола полиция келуі – ақылға қонымсыз», – дейді тұрғындар.

Полиция аталған жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, таңғы сағат 07:00 шамасында полицияға тұрғын үй тұрғындарынан көшеде қатты музыка қойылып, азаматтардың тыныштығы бұзылып жатқаны жөнінде қоңырау түскен.

Осы хабарламаға сәйкес, патрульдік полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайға жедел жеткен. Полиция өкілдері мұндай шақыртуларға әрекет ету олардың тікелей міндетіне кіретінін атап өтті.

Оқиға орнында полицейлер түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, демалыс күндері тыныштықты сақтау талаптарын және таңғы уақытта музыканы қатты қоюға жол берілмейтінін ескерткен. Әңгімеден кейін патруль қызметкерлері қызметін жалғастырған.

Сонымен қатар полиция қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауға және айналадағы адамдардың тыныштығына құрметпен қарауға шақырды. Ведомство өкілдері қоғамдық орындарда музыка тыңдауға тыйым салынбайтынын, алайда оның дыбыс деңгейі ешкімге кедергі келтірмеуі және тұрғындардан шағым түспеуі тиіс екенін де атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove