S&P Қазақстан экономикасына оң баға берді

Көркем Алдабергенова 23 ақп. 2026 12:48

S&P Global Ratings Қазақстанның ұзақ мерзімді егеменді кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінде растады, болжам - «Позитивті», деп хабарлайды Dalanews.kz.

Позитивті болжам S&P агенттігінің алдағы жылдары фискалдық консолидация жалғасады деген күтілімін, сондай-ақ мемлекеттің елеулі көлемдегі өтімді активтерін сақтап қалуын көрсетеді. S&P бағалауынша, жаңа орта мерзімді бюджет бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқартуды және Ұлттық қор активтерін қайта жинақтауды көздейді.

S&P 2025 жылы Ұлттық қордың инвестициялық нәтижелері жоғары болғанын атап өтті. Сонымен қатар, Ұлттық қор қаражатын пайдалану ережелерінің қатаңдауы өтімді активтердің айтарлықтай көлемін сақтауға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Ұлттық қордың валюталық активтері шамамен 63,9 млрд АҚШ долларын құраған.

2026–2028 жылдары S&P экономикалық өсім қарқынының біршама баяулауын болжап отыр, алайда ол орта мерзімді перспективада шамамен 4% деңгейінде тұрақты сақталады деп күтіледі. Бұл фискалдық ынталандырудың қысқаруына және 2026 жылы мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты.

S&P пікірінше, ақша-несие саясатының негіздері барған сайын тиімді бола түсуде. Агенттік сарапшылары 2025 жылдың соңында инфляцияның баяулағанын атап өтіп, 2028–2029 жылдары Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-несие саясаты мен бюджет тапшылығының қысқаруы нәтижесінде инфляция одан әрі төмендейді деп күтеді.

Сондай-ақ S&P Үкімет пен Қазақстан Ұлттық банкі арасындағы ақша-несие саясатын, макропруденциялық және фискалдық құралдарды іске асыру мәселелері бойынша үйлестірудің күшейгенін ерекше атап өтті.

Еске салайық, 2025 жылғы тамызда S&P Global Ratings Қазақстан Республикасының егеменді кредиттік рейтингтері бойынша болжамды «Тұрақты» деңгейден «Позитивті» деңгейге қайта қарап, ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді рейтингтерді «BBB-/A-3» деңгейінде растаған болатын.

Сонымен бірге агенттік мұнай кірістерінің күрт әрі ұзақ мерзімді төмендеуі жағдайында, оның ішінде Каспий құбыр консорциумы (КҚК) құбыры ұзақ уақытқа істен шықса, егеменді рейтингтер бойынша болжам қайта қаралуы немесе тіпті төмендетілуі мүмкін екенін де хабарлаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove