Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияда жоғары жетістікке жеткен қазақстандық сумошы Ерсін Балтағұлды қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ақорданың мәліметінше, Президент спортшыны былтыр Император кубогы турнирінде «маэгашира» атағын иеленуімен және жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» – жауынгерлік рухқа берілетін арнайы жүлдені алуымен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапаттың табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар шетелде жүріп ел намысын қорғап, Қазақстанды әлемге танытып жүрген жастар саны артып келе жатқанын айтып, мемлекет талантты спортшыларды қолдауға ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.
«Жапонияға барған сапарымда сіздің Императордан бастап қарапайым халыққа дейін танымал екеніңізді байқадым. Бұл – үлкен мәртебе. Жапонияда жүріп қазақ елінің атын шығарып, абыройын асқақтатып жүрсіз. Сізге ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Өз кезегінде Ерсін Балтағұл көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, Қазақстандағы жас спортшылармен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Қазақстан азаматы ретінде мақсатымыз – көк туымызды 120 миллионнан астам халқы бар Жапонияға таныту. Осы бағытта еңбек етіп келеміз. Сонымен қатар Италиядағы Қысқы Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған отандасымыз Михаил Шайдоровтың жетістігімен Сізді және барша қазақстандықтарды құттықтаймын», – деді ол.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы спортшыға алдағы халықаралық жарыстарда табыс тілеп, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.
