Трамптың атымен әуежай атала ма?

Самал Асқар 19 ақп. 2026 20:52

АҚШ-тың Флорида штатында халықаралық әуежайды Дональд Трамптың атымен атау туралы бастама қызу талқылануда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Штаттың Өкілдер палатасы Palm Beach International Airport атауын President Donald J. Trump International Airport деп өзгерту туралы заң жобасын 81 дауысқа қарсы 30 дауыспен қолдады.

Бастаманы республикашылдар көтеріп отыр. Заң жобасының тең авторы, Палм-Бич округінің өкілі Мег Вайнбергердің айтуынша, Трамп мұндай құрметке лайық, себебі ол әуежайдан небәрі бес миль қашықтықта тұрады. Тағы бір республикашыл депутат Ким Кендалл президент әкімшілігінің әуежай инфрақұрылымын жаңғыртуға салған инвестицияларын атап өтті. Ал Стюарт округінің өкілі Джон Снайдер заң қабылданса, әуежай «ресми түрде ұлы» болатынын мәлімдеді.

Алайда демократтар бұл шешімге қарсы. Олар әуежай атауын өзгерту президенттің өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін ғана қарастырылуы тиіс деп есептейді. Демократтар Трамптың екі мәрте импичментке ұшырағанын және Нью-Йоркте іскерлік құжаттарды бұрмалау ісі бойынша 34 айыптау үкімі шыққанын алға тартты. Майами өкілі Эшли Гантт «қазіргі көріп отырған мұра көңіл көншітпейді» деп мәлімдеді.

Заң жобасы Сенатқа жолданған. Егер ол қолдау тапса, әуежай маңдайшалары мен инфрақұрылым элементтерін ауыстыруға 2,75 млн доллар бөлінуі мүмкін. Уэст-Палм-Бичтегі бұл әуежай жыл сайын шамамен 8,6 млн жолаушыға қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар бастама авторлары Трамптың отбасы әуежай атауына байланысты сауда белгісіне құқық талап етпейтінін мәлімдеді. Демократтар әуежайға Трамп пен Джон Кеннедидің есімін бірге беру туралы ұсыныс жасағанымен, ол қолдау таппады.

Флоридадағы бұл бастама АҚШ-тағы саяси поляризацияның кезекті көрінісіне айналып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove