Алматыда 13 жастағы қыз зорланды: әкесінің досы күдікке ілінді

Қаракөз Амантай 25 ақп. 2026 11:20

"Human Rights Lawyers" қоғамдық қоры Алматыда 13 жастағы жасөспірім қызға қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша мәлімдеме жасап, бірқатар құқықтық мәселеге назар аударды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қор таратқан ақпаратқа сәйкес, оқиға 2025 жылғы 1 қыркүйекте Алматыда болған. Ұйымның мәліметінше, күдікті - қыздың әкесінің досы. Ата-анасы ажырасқан.

Оқиға болған кезде қыздың анасы мас күйінде көлік басқарғаны үшін сот үкімімен қауіпсіздігі ең төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген. Ұйым өкілдері осы кезеңде анасына қылмыс жасалғаны, тергеу амалдарының басталғаны және сот процестері туралы ресми түрде хабар берілмегенін алға тартты.

Қор дерегінше, анасы бұл жағдайдан тек шамамен алты ай өткен соң ғана хабардар болған. Ұйым сондай-ақ осы уақыт ішінде жәбірленуші тарапқа тиісті психологиялық көмек көрсетілмегенін мәлімдеді.

Human Rights Lawyers мәліметіне сәйкес, тергеу барысында қызға күдіктінің туыстары мен адвокаттары тарапынан ықпал жасалуы мүмкін деген күдік бар. Салдарынан жасөспірім сотта бастапқы айғақтарын өзгерткен.

Сонымен бірге ұйым қолында іске қатысты жекелеген материалдар, соның ішінде әңгімелердің жазбалары мен өзге де дәлелдер бар екенін хабарлады. Сараптама қорытындысы бойынша жыныстық сипаттағы әрекетке байланысты белгілердің бір бөлігі расталғаны айтылған.

Қоғамдық қор құзырлы мемлекеттік органдарды аталған істің барлық мән-жайын жан-жақты, ашық әрі әділ тексеруге шақырды және жәбірленуші мен оның анасының құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді сұрады.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove