Жетісу облысында қоқыстан елтаңба тауып алған блогерге айыппұл салынды. Аталған оқиға қоғамда қызу талқыланды. Алайда полиция бұл жағдайдың мән-жайы көпшілікке дұрыс жеткізілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Облыстық полиция департаментінің түсіндіруінше, азамат жауапкершілікке Елтаңбаны тапқаны үшін емес, кейін оған қатысты жасаған әрекеттері үшін тартылған.
Тұрғын Елтаңба макетін 2022 жылы Жансүгіров ауылынан тауып алған. Ол бұл туралы тиісті орындарға хабарлап, нысанды әкімдікке өткізуді жоспарлағанымен, белгісіз себептермен өзінде сақтап қалған. Біраз уақыт өткен соң оған 200 мың теңгеден астам айыппұл салынған.
Полицияның мәліметінше, құқықбұзушылық Елтаңбаны тапқан сәтте емес, одан кейінгі әрекеттер барысында орын алған. Атап айтқанда, азамат мемлекеттік нышанды әдепсіз түрде суретке түсіріп, оның бұрмаланған бейнесін әлеуметтік желіде жариялаған.
“Бұл әрекеттер мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік таныту ретінде бағаланды және қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі”, – деп түсіндірді ведомство өкілдері.
Осыған байланысты полиция азаматтарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге және жалған немесе бұрмаланған ақпарат таратпауға шақырды.
