Алматыда мефедрон таратты деген күдікпен жас жігіт ұсталды

Самал Асқар 19 ақп. 2026 15:35

Алматыда синтетикалық есірткіні заңсыз сақтап, таратты деген күдікпен жас жігіт қолға түсті, деп хабарлайды Dala News.

Ұстау іс-шарасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Әуезов аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің бірлескен жедел-іздестіру шаралары барысында жүргізілген. Полиция қызметкерлерін көрген сәтте күдікті тыйым салынған заттан құтылуға әрекет жасағанымен, дереу ұсталған.

Тексеру барысында одан өзіне тән иісі бар ұнтақ тәрізді зат салынған орамдар тәркіленді. Сот-сараптама қорытындысына сәйкес, алынған зат синтетикалық есірткі – мефедрон болып шыққан.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық мән-жайын, ықтимал сыбайластарды және есірткі тарату арналарының бар-жоғын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Алматы қалалық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев бұл бағыттағы жұмыстар ерекше бақылауда екенін атап өтті.

«Біз жастарды есірткінің заңсыз айналымына тартудың кез келген әрекетін жүйелі түрде тоқтатамыз. Сату тәсілі мен қолданылатын технологияға қарамастан, мұндай қылмыстар үшін жауапкершілік қатаң әрі бұлтартпас», – деді ол.

Оның айтуынша, мегаполисте есірткі қылмыстарын анықтау және жолын кесу жұмыстары жүйелі негізде жалғасады.

«Әрбір осындай дерек – азаматтарымыздың денсаулығы мен болашағына төнген нақты қауіп. Полиция қоғамды есірткі қатерінен қорғау үшін барлық қажетті шараны қабылдай береді», – деп түйіндеді басқарма басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove