Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданының Астраханка ауылында ауыр жағдай болды. 41 жастағы әйелдің денесін қатты күйік шалып, ол ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға 30 сәуірге қараған түні болған. Зардап шеккен тұрғын алдымен аудандық ауруханаға жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыруға күш салып жатыр, сондай-ақ оны Петропавлдағы мамандандырылған медициналық мекемеге ауыстыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Облыстық Полиция департаменті бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді. Іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы бойынша тіркелген.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жергілікті тұрғындар бұл жағдайға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін екенін айтады, алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
