Ақтаулық жүргізушілер шетелдік көлікті заңдастыру құнын арзандатуды сұрап отыр

Сағыныш Сардарова 29 сәу. 2026 09:22

Маңғыстау облысында шетелдік нөмірмен жүрген шамамен 40 мың көлік әлі күнге дейін заңдастырылмаған. Жүргізушілердің айтуынша, бұған утильалымның тым қымбат болуы себеп. Қазір оның мөлшері 2 млн 486 мың 875 теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басым бөлігі көлігін Грузиядан кеден арқылы заңды түрде әкелгенін айтады. Алайда Қазақстанда тіркелмегендіктен сақтандыру рәсімдеу де мүмкін емес. Сонымен қатар, салынған айыппұлдар екі есе есептеледі.

Жүргізушілер Президентке үндеу жасап, утильалымды 25-50 АЕК көлемінде бекітуді ұсынды. Бұл - шамамен 108 мыңнан 216 мың теңгеге дейінгі сома.

Видеоүндеуде жүргізушілердің бірі кемінде 8 мың көлік осы тәртіппен заңдастырылса, бюджетке қомақты қаржы түсетінін айтты. Оның сөзінше, бұған қоса жыл сайын салық та төленеді.

Көлік иелері төлем жасаудан бас тартпайтынын, тек оның халыққа қолжетімді болғанын қалайтынын жеткізді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove