Жеке сот орындаушыларына талап күшейеді

Самал Асқар 29 сәу. 2026 11:36

Қазақстанда жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптар мен бақылау тетіктері күшейтіледі, деп хабарлайды Dala News.

Мәжілісте мақұлданған заң жобасына сәйкес, жеке сот орындаушыларын міндетті түрде қайта аттестаттау енгізіледі. Аттестаттау барысында олардың заңнаманы және Кәсіптік ар-намыс кодексін білу деңгейі тексеріледі. Қайта аттестаттаудан өтпеген тұлғалар лицензиясынан айырылуы мүмкін.

Сонымен қатар көмекшілер мен тағылымдамадан өтушілерге қойылатын талаптар да қатаңдатылады. Атап айтқанда, соңғы үш жыл ішінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін жауапқа тартылған адамдарды бұл қызметке жіберуге шектеу қойылады.

Заң жобасында әділет органдарының бақылау өкілеттіктерін кеңейту де қарастырылған. Енді олар анықталған бұзушылықтарды жою туралы міндетті ұсыныстар енгізе алады. Егер бұл талаптар орындалмаса, лицензияның қолданылуын уақытша тоқтату құқығы беріледі.

Бұдан бөлек, уәкілетті органдардың сұрауы бойынша жеке сот орындаушылары өз шоттарындағы қаражат қозғалысы туралы мәліметтерді ұсынуға міндеттеледі.

Осы өзгерістер жеке сот орындаушыларының қызметін ашық әрі жауапты етуге бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove