Жетісу облысында қыз бірнеше жылдан бері сталкингке ұшырағанын айтты

Сағыныш Сардарова 30 сәу. 2026 10:13

Жетісу облысының тұрғыны өзін бірнеше жылдан бері ер адам аңдып жүргенін мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бойжеткеннің айтуынша, бұл оқиға 16 жасында басталған. Өзінен едәуір үлкен көршісі алғашында танысуға тырысқан, кейін байланыс нөмірлерін тауып алып, үнемі хабарласып, жазатын болған.

Оның сөзінше, әлеуметтік желі мен телефоннан бұғаттағанына қарамастан, ер адам қайта байланысқа шыға берген.

Уақыт өте қысым күшейе түскен. Бойжеткен ер адам некеге тұруды талап еткенін айтады. Ал қарсылықтан кейін қоғамдық орындарда жанжал шығарып, байланыс орнатуды тоқтатпаған.

Оның айтуынша, ер адам ауыл тұрғындары арасында өзі туралы қауесет таратып, беделіне нұқсан келтіруге тырысып жүрген көрінеді. Бұдан бөлек, бойжеткен өзін аңдып, кешкі уақытта күтіп алатынын және жұмыс орнына барып жанжал шығаратынын да айтты.

Полиция бұл жайтқа қатысты әзірге пікір білдірмеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove