Журова Шайдоровтың жеңісіне Ресейдің үлесі бар екенін мәлімдеді

Самал Асқар 16 ақп. 2026 18:26

Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Светлана Журова Миланда өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың жеңісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Шайдоровтың жеңісі 1994 жылғы Лиллехаммер Олимпиадасын еске түсірген. Сол кезде алтын медальді қазіргі таңда Михаилдың жаттықтырушысы болып отырған Алексей Урманов жеңіп алған еді.

«Қазақстан үшін қуаныштымын. Шынымды айтсам, мұндай финалды 32 жылдан бері көрген жоқпын. Лиллехаммерде басты фавориттер қателесіп жатқанда, Алексей Урманов мінсіз өнер көрсетіп, чемпион атанған еді. Қазір сол Урманов Олимпиада чемпионы болған Михаилдың бапкері. Бұл – символикалық сәт», – деді Журова.

Сонымен қатар депутат Шайдоровтың дайындық процесіне тоқталып, оның Ресейдегі жаттығулары нәтижеге әсер еткенін атап өтті.

«Менің білуімше, ол Сочиде дайындалды. Біздің ел оған өз мемлекетінің намысын қорғап, Олимпиадаға дайындалуына мүмкіндік берді. Оның осындай деңгейде жиналып, жоғары нәтиже көрсетуі – үлкен жетістік», – деді ол.

Журова жарыстың басты фавориті саналған америкалық Илья Малининнің сәтсіз өнер көрсетуіне де тоқталды. Оның сөзінше, бірқатар мықты спортшылар еркін бағдарламада қателік жіберген, ал Шайдоров бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып, алтын жүлдені иеленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove