Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) оқу-жаттығулары 2026 жылы бірнеше мүше мемлекеттің аумағында, соның ішінде Қазақстанда өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Мәліметті ұйымның Біріккен штабының бастығы, генерал-полковник Андрей Сердюков брифинг барысында жария етті.
Оның айтуынша, 2026 жылы бірлескен және жедел даярлық жоспары аясында барлығы 60 іс-шара ұйымдастыру көзделген. Оның ішінде сегізі — командалық-штабтық және арнайы оқу-жаттығулар.
Қыркүйек айында Қазақстан аумағында Орталық Азия өңірінің жедел өрістету ұжымдық күштерінің қатысуымен «Рубеж» бірлескен оқу-жаттығуы өтеді. Ал қыркүйек-қазан айларында Ресейде Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің қатысуымен «Өзара іс-қимыл» командалық-штабтық жаттығуы, «Іздеу» арнайы барлау оқу-жаттығуы және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге бағытталған «Эшелон» жаттығуы ұйымдастырылады.
Қазан айында Тәжікстан аумағында «Кобальт» және «Скала» арнайы оқу-жаттығулары жоспарланған.
Жаттығуларға Терроризмге қарсы орталық, ТМД Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесі үйлестіру қызметі және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы хатшылығының өкілдері байқаушы ретінде қатысады.
Ұйым өкілдерінің мәлімдеуінше, стратегиялық жаттығулар барысында пысықталған құжаттар алдағы бірлескен оқу-жаттығуларды жоспарлауға негіз болмақ.
