2025 жылы Қазақстанда ауылдық елді мекендер саны 83-ке қысқарып, жалпы саны 6,1 мыңға дейін азайды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл туралы ҚР әкімшілік-аумақтық бірліктері жөніндегі ресми статистика мәліметтерінде көрсетілген. Ауылдар санының азаю үрдісі соңғы 25 жыл бойы жалғасып келеді. Соңғы үш жылда бұл процесс айтарлықтай үдей түсті. Мәселен, 2020–2022 жылдары 46 ауыл қысқарса, 2023–2025 жылдары 199 ауыл таратылған. Жалпы алғанда, бақылау кезеңінде ауылдар саны 1,8 мыңға кеміген.
2025 жылғы қысқарудың негізгі бөлігі үш солтүстік өңірге тиесілі. Олар – Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы және Павлодар облысы. Осы аймақтарда 68 ауыл таратылып, бір жаңа ауыл – Нұрлы (Ақмола облысының Целиноград ауданында) құрылған. Бұл үш өңір жалпы қысқарудың шамамен 80 пайызын қамтамасыз еткен.
2021 жылғы халық санағы деректеріне сәйкес, таратылған 68 ауылда бар болғаны 1,5 мың адам тұрған. Бұл – 2009 жылмен салыстырғанда 4,4 есе аз. Ең көп халқы бар ауылдың өзінде небәрі 74 тұрғын болған. 62 ауылда халық саны 50 адамнан аспаған. Кейбір елді мекендерде тұрғындар мүлде тіркелмеген немесе бір-екі адам ғана қалған.
Заңнамаға сәйкес, үш жыл бойы халқы 50 адамға жетпейтін ауылдар таратылуға жатады. Әдетте мұндай елді мекендер жақын маңдағы ірі ауылдардың құрамына енгізіледі. Алайда шешім қабылдау кезінде жергілікті билік тұрғындардың пікірін де ескеруі тиіс.
Сарапшылардың айтуынша, ауылдардың қысқаруына ең алдымен көші-қон әсер етіп отыр. Жалпы ауыл халқының азаюы елдің көп өңіріне тән құбылыс. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқының өсімі тек Алматы, Атырау және Маңғыстау облыстарында ғана тіркелген.
