2026 жылдың қаңтарында қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағынан 38,6 мың өтінім рәсімдеген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Nege.Aqsha мәліметінше, бұл – 2024 жылдың маусымынан бергі ең төмен көрсеткіш. Бір жылда өтінімдер саны шамамен үштен бірге азайса, желтоқсанмен салыстырғанда 90%-ға жуық төмендеді. Желтоқсандағы өсім азаматтардың 2026 жылдан бастап жеткіліктілік шегі өсетінін естіп, қаражатты алдын ала пайдалануға асыққанымен түсіндіріледі.
Қаңтарда тұрғын үйге 50,9 млрд теңге бағытталды. Бұл желтоқсаннан 77%-ға аз болғанымен, былтыр қаңтар айынан 5%-ға көп, яғни жалпы сома күрт төмендемеді.
Белсенділіктің бәсеңдеуіне Отбасы банкінің жаңа ережесі де әсер етті. Енді зейнетақы қаражаты ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуде тек негізгі қарызды жабуға жұмсалады, пайыздарды төлеуге қолданылмайды. Емделуге арналған төлемдер де азайып, қаңтарда небәрі 600 өтінім (600 млн теңге) орындалды.
