Түркістанда әйелін күштеп жындыханаға жатқызған ер адам сотталды

Қаракөз Амантай 18 ақп. 2026 09:20

Түркістан облысында азаматтық некедегі әйелін күштеп жындыханаға жатқызған ер адам 9 жылға сотталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу дерегінше, отбасылық жанжалдан кейін ол екі танысымен бірге әйелдің қол-аяғын скотчпен байлап, еркінен тыс Шымкенттегі медициналық мекемеге алып барған.

Тінту барысында күдіктінің үйінен жауынгерлік оқ-дәрілер табылды. Оған көмектескен екі сыбайласы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар сот жәбірленушіге моральдық зиян үшін жалпы 11 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуді міндеттеді. Қазіргі таңда үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі әйелге заңсыз бас бостандығынан айыру дерегі бойынша қылмыстық істі қайта жандандыруға көмектескен еді.

Жәбірленуші уәкіл өкіліне жүгініп, отбасылық жанжалдан кейін күйеуі мен оның екі танысы өзін байлап, Шымкенттегі жындыханаға күштеп апарып тастағанын жеткізген. Айтуынша, күйеуі орталық қызметкерлерімен алдын ала келісіп, оны "ақыл-есі кем" деген желеумен емханаға орналастырған. Нәтижесінде жәбірленуші медициналық мекемеде үш күн болған. Сондай-ақ ол сол жерде қызметкерлер тарапынан заңсыз әрекеттер болғанын мәлімдеді.

Жәбірленуші Түркістан қалалық полиция басқармасына арыз жазған. Бастапқыда қылмыстық іс қозғалғанымен, 2024 жылдың тамызында іс тоқтатылған.

Омбудсмен өкілі өтініш берушіге құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолдарын түсіндіріп, қажетті көмек көрсеткен. Соның нәтижесінде Түркістан қаласының прокуратурасы істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, қылмыстық іс қайта қозғалды.

Жәбірленуші бұл мәселенің шешілуіне көмектескені үшін алғыс білдіріп, бейнежазба жолдаған. Өкілдік азаматтардың сенімін жоғары бағалап, туындаған мәселелерді жедел шешуге және жұмыс сапасын жетілдіруге ұмтылатынын атап өтті.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove