Иранда студенттер бас көтерді

Сағыныш Сардарова 23 ақп. 2026 09:44

Тегеранда студенттер мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс болды. Бұл туралы шетелдік БАҚ жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тегеранда Үкіметке қарсы ұрандатқан ирандық студенттер күштік құрылым өкілдерімен қақтығысты. Наразылық 21 ақпанда Шариф университеті маңында басталып, кейін Тегеран университеті мен Әмір Кабир технологиялық университетінде жалғасты.

Куәгерлер жариялаған видеоларда студенттер "Ұят!" деп айқайлап, Иран туын желбіреткені көрінеді. Олар бұған дейін саяси шерулерді басуға қатысқан "Басидж" жасақтарымен бетпе-бет келген. Иран ислам революциясы сақшылар корпусына жақын Fars агенттігі де Тегеран университетінде өткен митингке көп студент қатысқанын хабарлады.

Шерулер қаңтардағы наразылық кезінде қаза тапқандарды еске алу шараларымен тұспа-тұс келді. Құқық қорғаушылардың дерегінше, 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы қаңтарға дейін жалғасқан жалпыұлттық толқуларда кемінде 7 мың адам қаза тапқан. Сарапшылар бұл оқиғаларды 1979 жылғы Ислам революциясынан бергі ең ірі наразылық деп бағалайды.

Халықаралық қауымдастық Иран билігінің қатаң әрекеттерін сынға алды. Amnesty International ұйымы наразылыққа қатысы бар шамамен 30 адамға өлім жазасы қаупі төніп тұрғанын мәлімдеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove