Таллин қаласында 14 жыл бойы жасырынып жүрген қарақшылыққа күдікті Қазақстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Dala News.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өңірде өткен «Розыск» жедел алдын алу іс-шарасы барысында барлығы 16 қылмыскер анықталған. Олардың ішінде 9-ы ТМД елдерінде қылмыс жасап, халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматтары.
Полицияның хабарлауынша, ең резонансты жағдайлардың бірі 2012 жылы жасалған қарақшылық қылмысқа қатысты болды. Күдікті сол кезден бері құқық қорғау органдарынан жасырынып, Эстония аумағында өмір сүрген.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол өзін әшкерелемеу үшін жалған құжаттарды пайдаланып, бөтен адамның атымен өмір сүрген. Осылайша ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалып келген.
Алайда павлодарлық жедел қызметкерлер Интерполмен бірлесіп жүргізген жұмыстар нәтижесінде оның нақты орналасқан жері анықталып, Таллин қаласында ұсталды.
Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі халықаралық келісімдер аясында қарастырылып жатыр.
Сонымен қатар аталған іс-шара барысында Павлодар облысының Щербақты ауданында мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтпек болған Қырғызстан азаматы да ұсталған. Ол Ресей Федерациясында жасалған ұрлық қылмысы бойынша іздеуде болған.
Полиция мәліметінше, жыл басынан бері павлодарлық жедел қызметкерлер халықаралық іздеуде жүрген 47 адамды анықтап, ұстаған.
