14–15 сәуір күндері Маңғыстау ауданы аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының қырылу деректері тіркелді. Оқиға орнында жұмыс істеген арнайы комиссия Сайөтес ауылы мен 7-разъезд аралығындағы теміржол учаскесінде мал шығыны болғанын анықтаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әкімдіктің мәліметінше, алдын ала бағалау бойынша малдың қырылуына қатты жел мен нөсер жауын себеп болған. Жануарлар бағытынан адасып, жетуі қиын аумақтарға түсіп кетіп, батпақтанған жерде қырылған. Кейбір табындар елді мекендерден 60–80 шақырым қашықтықта жоғалып кеткен болуы мүмкін.
Нақты деректер әлі нақтыланып жатыр, өйткені қалыптасқан жағдайға байланысты мал иелері түгел есеп жүргізе алмай отыр. Облыс әкімдігі жағдай ерекше бақылауда екенін мәлімдеді. Қазір мал иелерімен жұмыс жүргізіліп, заманауи бақылау құралдары мен арнайы техника жұмылдырылған.
Сондай-ақ жедел әрекет ету үшін Бейнеу ауданынан Ақшымырау ауылына «Трэкол» жол талғамайтын көлігі жіберілгені хабарланды.
