Наурыз мейрамы аясында елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды мәдени шара өтті. Қалалық Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Домбыра үні» акциясында 11 500 жас домбырашы бір мезетте күй орындап, Қазақстан рекордтар кітабына жаңа жетістік енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ауқымды шараға қаланың 6–10 сынып оқушылары қатысып, ұлттық аспаптың үнін бір арнаға тоғыстырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – қазақтың дәстүрлі музыкасын дәріптеу, жас ұрпақтың ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыру және мәдени мұраны кеңінен насихаттау.
Бір сахнада бас қосқан мыңдаған жас өнерпаз қазақ халқының бай рухани мұрасына деген құрметін көрсетті. Нәтижесінде бұл іс-шара ұлттық аспапта күйді бір уақытта ең көп адам орындаған мәдени оқиға ретінде ресми түрде Қазақстан рекордтар кітабына енді.

Музыкалық флешмоб Наурыз мейрамының ең жарқын сәттерінің біріне айналып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл тек концерт емес, мыңдаған жас жүректің бір ырғақта соғуы мен ата-баба мұрасына деген құрметтің айқын көрінісі.
Айта кетейік, өткен жылы Талдықорған қаласында Ұлттық домбыра күніне орай 5 мыңға жуық адам қатысқан челлендж ұйымдастырылып, рекорд тіркелген болатын. Бүгінгі шара бұл рекордты жаңартты.
