Қонаев қаласында жағажайларды жаңарту жұмыстары басталып, кейбір кәсіпкерлердің нысандары сүріліп жатыр, деп хабарлайды Dala News.
Бұл туралы қала әкімдігінің ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмырзаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, №6 және №7 жағажайлар шомылу маусымына дейін толық жаңартылып, жаңа инфрақұрылыммен жабдықталады. Жоба аясында визит-орталық, 50-ден астам бизнес нысаны, 53 киім ауыстыру орны және 21 әжетхана орнатылады. Сонымен қатар балалар ойын алаңдары, воркаут аймақтары және жағажай спортына арналған орындар салынады.
«Барлық нысандар бірыңғай дизайнмен жасалады. Қауіпсіздік пен көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлінеді», – деді Ақмырзаев.
Жағажайға жаяу кіру тегін, тек автотұрақ үшін ақы алынады. Ал бизнес орындары сенімгерлік басқару арқылы кәсіпкерлерге жалға беріледі.
Қазіргі таңда жағажайда бұрыннан жұмыс істеп келген 40 кәсіпкердің нысандары бұзылып жатыр. Олардың ішінде заң талаптарын толық орындаған 25 кәсіпкермен 5 жылға келісімшарт жасалған, ал қалғандары талаптарды орындаған жағдайда ғана қайта келісімге отыра алады.
Әкімдік мәліметінше, жағажайларды жаңарту жұмыстары тұрғындардың антисанитарияға қатысты жиі шағымдарына байланысты қолға алынған.
Сондай-ақ солтүстік бағыттағы жағажай да абаттандырылып, алдағы уақытта қаладағы барлық коммуналдық жағалаулар кезең-кезеңімен жаңартылмақ.
