Білім мен ғылым – ел болашағын дамытатын ең маңызды күштердің бірі. Әлем күн сайын дамып, түрлі жаңалықтарымен өмірге өзгеріс алып келіп жатқанда жастардың ақпараттан тыс қалуы дұрыс емес. Елімізде, шетелде дамудың мүмкіндіктерін іздестіріп, оларды пайдалану маңызды. Қазіргі таңда көптеген талантты жастар шетелде оқу мүмкіндігінен хабарсыз немесе сенімсіз. Қажетті құжаттарды жинастыру, емтихан түрлерін тапсыру, оқуға кететін қаржы мәселесі – бәрі де үлкен қиындық болып көрінеді.
Осындай мүмкіндіктерге қол жеткізуге көмектесетін, бағыт-бағдар көрсететін жандардың рөлі ерекше. Солардың бірі – ғылым жолында тек өзі ғана емес, еліміздің ғалымдары мен кәсіби мамандарын Америкаға оқуға шақырып, білім мен дамудың жолын көрсетіп жүрген қазақтың батыр қызы – Лира Қоныс. Лира түрлі кеңестер беріп, бағдарламалар туралы ақпарат таратып, жастарға сенім беріп жүр. Ең бастысы – оның еңбегі жастар үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашуда. Оның көмегімен көптеген ғалымдар шетелдік университеттерге түсіп, тағылымдамадан өтіп, өз білімін жетілдіруде.
Америкаға қоныс аударған Лираның отбасы – бүгінде білім мен біліктіліктің шынайы үлгісіне айналып отыр. Өзі де, жұбайы да мұхиттың арғы бетінде шыңдалып, білім мен өркениеттің озық үлгілерін үйренген. Олардың жолдарын қуып, білімін шыңдаған тұңғыштары АҚШ-тың беделді университетінде толық грант иегері атанып, оқып жатыр. Алайда Лира тек өз отбасының қамын ойлаумен тоқтаған жоқ. Көзі ашық, көкірегі ояу адамның нағыз үлгісін көрсетіп, ол қазақ жастарының әлемдік білім орталарында оқуға жол ашуда. Атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасымен тығыз байланыс орнатып, Дэвистегі Калифорния университетінің есігін отандық ғалымдар мен мамандар үшін айқара ашты. Бұл – жеке жетістіктің ұлттық мүддеге қызмет етуінің жарқын көрінісі.
Шетел көрген маманның біліммен қатар, өмірлік тәжірибе жинайтыны да белгілі. Калифорниядағы Дэвис университетіндегі ғалымдарды сабақтан тыс уақытта Америка елінің мәдениетімен таныстыру үшін түрлі мәдени орындар мен іс - шараларға алып барады. Бұл бастама да Лираның қолдауымен орындалып жатыр. Салыстыру болған жерде елімізге не қажет екені, ненің дұрыс немес бұрыс екенін түсінетін болады. Бұл тек жеке адамдардың жетістігі емес, болашақта елдің дамуына қосатын үлесі. Шетелдің мәдениетін көрген маман – ертең өз елінде білікті маман, жаңашыл тұлға болумен қатар мәдени трансформация жасауы мүмкін. Осындай мүкіндік берген Болашақ бағдарламасының да орны ерекше.
«Болашақ» халықаралық бағдарламасының мақсаты — тек жеке мамандардың дипломын иеленуі емес, сол білім арқылы тұтас қоғамның сапалық деңгейін көтеру, ұлттық ғылымның көкжиегін кеңейту. Мемлекет ұсынып отырған бұл мүмкіндік — интеллектуалды ұлт қалыптастыру жолындағы стратегиялық қадам, сондықтан Лира сияқты отандастарымыз салған сара жолмен жүру, әлемдік озық тәжірибені ел қажеттілігіне жарату әрбір маманның азаматтық парызына айналуы тиіс.
Шетелде білім алушылар білім мен технологияны экспорттап қоймай, сол арқылы отандық ортаның мәдениетін, экономикасын және ғылыми әлеуетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Сондықтан Болашақ бағдарламасының тапсырмасын Америкада орындап жүрген қазақ қызы талай қазақ ғалымына жағдай жасап келеді. Америкаға жол ашқан алтын көпірді әрбір ғалым мен маман өз кәсіби біліктілігін жетілдіретін әрі ел дамуына үлес қосатын таптырмас мүмкіндік деп қабылдауы қажет.
