Қазақстан су ресурстары бойынша тапшылық деңгейі 34,6%-ды құрап, әлемдік рейтингте 49-орынға орналасты. Бұл туралы БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы ұсынған деректерде айтылған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшылардың мәліметінше, кейбір елдерде су тұтыну көлемі табиғи жолмен қалпына келетін ресурстардан әлдеқайда асып кеткен. Су тапшылығы деңгейі тұщы суды пайдалану көлемінің жаңартылатын су қорларына қатынасы арқылы есептеледі.
Көрсеткіш 100%-дан асқан жағдайда елдер табиғи ресурстан артық су тұтынып, жерасты суларының сарқылуына немесе суды тұщыландыруға тәуелді бола бастайды.
Рейтингте ең жоғары көрсеткіш Кувейт елінде тіркелген – 3850,5%. Одан кейін Біріккен Араб Әмірліктері (1509,9%) және Сауд Арабиясы (974,2%) тұр.
Орталық Азия елдері де жоғары көрсеткіштермен ерекшеленеді. Мәселен, Түрікменстан – 135,2%, Өзбекстан – 123%, Тәжікстан – 69,9%.
Салыстырмалы түрде Ресейде бұл көрсеткіш 4,1%-ды ғана құрайды.
Мамандардың айтуынша, су тапшылығының артуы климаттың өзгеруімен, халық санының өсуімен және ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі суды шамадан тыс пайдаланумен байланысты. Бұл мәселе алдағы уақытта Қазақстан үшін де маңызды экологиялық және экономикалық сын-қатерге айналуы мүмкін.
