Еуропалық дереккөздер Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім болады дегенге сенбейді

Көркем Алдабергенова 19 ақп. 2026 13:19

Еуропалық барлау қызметтері 2026 жылы Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім болады дегенге сенбейді. Бұл туралы жоғары лауазымды барлаушыларға сілтеме жасаған Reuters жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Reuters-пен сөйлескен бес дереккөздің барлығы Ресей соғысты тез аяқтауға мүдделі емес деп есептейді. Олардың төртеуінің айтуынша, Мәскеу АҚШ-пен келіссөздерді санкцияларды алып тастау және іскерлік келісімдер жасау үшін пайдалануға тырысып отыр. Женевада өткен келіссөздерді дереккөздердің бірі «қойылымға ұқсас спектакль» деп атаған.

Бір дереккөздің айтуынша, Ресейдің мақсаты өзгермеген. Мәскеу Владимир Зеленский биліктен кетіп, Украинаны Ресей мен Батыс арасындағы бейтарап «буферлік аймаққа» айналдыруды көздейді.

Кейбір барлау өкілдерінің пікірінше, Донецк облысының Ресей басып ала алмаған бөлігін беру арқылы аумақтық талаптарды ішінара қанағаттандыруға болады. Алайда бұл Кремльдің Зеленский билігін құлату мақсатын орындамайды. Ал үшінші дереккөз мұндай аумақтық ымыра соғыстың аяқталуына әсер етеді деу қате екенін айтты: оның сөзінше, бұл тек келіссөздердің басталуына жол ашуы мүмкін, бірақ кейін Мәскеу жаңа талаптар қояды.

Екі дереккөз Ресей келіссөздерді екі бағытқа бөлуге тырысып жатқанын айтты: біріншісі соғысты тоқтату, екіншісі Ресей мен АҚШ арасындағы екіжақты келісімдер, соның ішінде санкцияларды алып тастау. Бұған дейін Зеленский Ресейдің АҚШ-қа ауқымды экономикалық мәміле ұсынғанын мәлімдеген.

Reuters дереккөздерінің бірінің бағалауынша, 2026 жылдың екінші жартысында Ресей қаржылық тәуекелдерге тап болуы мүмкін. Бұған санкциялар салдарынан капитал нарығына қолжетімділіктің шектелуі және қарыз алу құнының жоғары болуы себеп. Дегенмен басқа бір дереккөз Ресей қоғамы қиындықтарға төтеп бере алатын «төзімді» екенін айтты.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove