Қуанышты хабар: Алматыда кәсіпкерлерді қолдауға арналған жаңа бағдарлама іске қосылады

Қаракөз Амантай 19 ақп. 2026 09:23

Алматыда бизнесті дамытуға бағытталған жаңа қаржылай қолдау бағдарламасы ұсынылды. Енді кәсіпкерлер кепілге қоятын мүлкі болмаса да, жеңілдетілген несие ала алады. Бұл бастама шағын және орта бизнесті жандандырып, қала экономикасын күшейтуді көздейді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бағдарлама аясында несиелер қолжетімді әрі тиімді шарттармен беріледі.

Маңызды салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін жылдық мөлшерлеме небәрі 6% болады. Бұл санатқа әлеуметтік жобалар, креативті индустрия, инновациялық бастамалар және индустриялық парктердегі кәсіпорындар кіреді. Ал басқа шағын және орта бизнес өкілдері үшін несие жылдық мөлшерлемесі 9 пайызбен ұсынылады.

Қаржыландыру көлемі де нақты белгіленген. Кәсіпкерлер жабдық сатып алу үшін 5,6 млн теңгеге дейін, ал айналым қаражатына (жалақы, жалдау ақысы, тауар алу) 2,1 млн теңгеге дейін несие ала алады. Қарызды өтеу мерзімі - 5 жылға дейін.

Бағдарламаның тағы бір маңызды артықшылығы - кепілсіз қысқа мерзімді несие мүмкіндігі. Егер кәсіпке жедел қаржы қажет болса, бір жылға дейінгі мерзімге 6,4 млн теңгеге дейін несие 12% мөлшерлемемен беріледі.

Сонымен қатар инвесторларға өндіріс орындары мен кеңселер салу үшін жер телімдерін алу процесі жеңілдетіледі. Бұл жұмыстарды арнайы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация (СПК) арқылы жүзеге асыру жоспарланған.

Қала билігінің есебінше, аталған қолдау шаралары бизнестің дамуына серпін беріп, алдағы бес жылда бюджетке шамамен 23 млрд теңге көлемінде салық түсімін қамтамасыз етеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove