Қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова әлеуметтік желідегі парақшасында Orda.kz (Orda sport) редакциясына ресми талап қойғанын мәлімдеді. Спортшының айтуынша, аталған медиа оның жеке өміріне қатысты мәліметтерді рұқсатсыз таратып, материалдарында оны бірнеше рет “ажырасқан” деп көрсеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алтынбекова бұл ақпаратты таратуға келісім бермегенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жарияланымдар адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиіп, жеке өмірі туралы мәліметтерді рұқсатсыз тарату болып саналады. Спортшы аталған іс бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына, соның ішінде “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңға сүйенетінін мәлімдеді.

Осыған байланысты ол редакцияға бірқатар талап қойды.
“Жеке өміріме қатысты мәліметтерді материалдарыңыздан алып тастауды немесе түзетуді, 7 күн ішінде ресми кешірім жариялауды не ақпаратты жоққа шығаруды және талаптарымның орындалғаны туралы маған жазбаша түрде хабарлауды сұраймын”, - деп жазды ол.

Егер бұл талаптар белгіленген мерзімде орындалмаса, спортшы өз құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінетінін және моральдық шығын өндіру мәселесін көтеретінін ескертті.
Сонымен қатар ол қоғамда “ажырасқан” деген сөздің адамға таңба ретінде тағылуына қарсы екенін айтты. Оның пікірінше, ажырасу - өмірдің бір кезеңі ғана, ал адамның құндылығы оның мәртебесімен өлшенбейді. Спортшы өзін ең алдымен әйел, ана және кәсіби маман ретінде сипаттап, қазақстандық әйелдерді өз өмірін өздері таңдауға шақырды.
