Пара алғаны үшін сотталған Хаменова түрмеден босатылды

Самал Асқар 17 нау. 2026 14:25

Атырауда сот бұрын пара алғаны үшін сотталған Бақытгүл Хаменоваға қатысты жазаны өзгертті, деп хабарлайды Dala News.

2026 жылғы 16 наурызда Атырау қаласының №2 соты пробация қызметінің ұсынысын қарап, жазаны өтеуді кейінге қалдыру мерзімі аяқталғаннан кейін шешім қабылдады.

Сот мәліметінше, үш жылдық мерзім ішінде Хаменова қоғамдық тәртіпті бұзбаған, әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған және баласын тәрбиелеу міндеттерін орындаған.

Осыны ескерген сот өтелмеген жаза бөлігін 7 жыл мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырып, сол мерзімге пробациялық бақылау белгіледі.

Еске салайық, 2022 жылғы 15 қарашада сот Хаменованы ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру және өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айыру жазасын тағайындаған.

Алайда оның кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза өтеу үш жылға кейінге шегерілген.

Іс материалдарына сәйкес, әңгіме Абай Құнанбаевқа ескерткіш орнату жобасы кезінде 4,5 млн теңге көлемінде пара алу туралы болған. Сондай-ақ сот мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған.

Хаменова кінәсін мойындамай, үкімге шағымданғанымен, сот шешімі өзгеріссіз қалған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде оның мерекелік шараға қатысқаны туралы видео тараған. Бас прокуратура бұл жағдайға қатысты ешқандай заңбұзушылық болмағанын, іс-шараға қатысуға пробация қызметінің рұқсаты берілгенін мәлімдеген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove