2026 жылдың басында Қазақстан ресми түрде әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Бұл туралы The Economist есебіне сүйенген қаржы сарапшысы Айбар Олжай мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің ішкі жалпы өнімі шамамен 306 млрд долларға жеткен. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 15 мың долларды құрап, Қазақстан ТМД елдері арасында көш бастады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарапшының дерегінше, былтыр ел экономикасы 6,5 пайыз өскен.
“Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бірақ экономиканы тек санмен емес, оның құрылымымен бағалау керек. Өсім бар, бірақ ол қайдан келді, қаншалықты ұзаққа жетеді? Қазіргі негізгі сұрақ осы”, - дейді ол.
Оның сөзінше, экономика құрылымына қарағанда, 2025 жылы тауар өндірісі 8,7 пайызға, қызмет көрсету саласы 5,2 пайызға артқан. Жалпы ішкі өнімнің 36 пайызы тауарлардан, 58 пайызы қызмет көрсету секторынан құралған.
“Ең үлкен сала бұрынғыдай өнеркәсіп болып тұр. Оның үлесі 26 пайыздан асады. Оның ішінде кен өндіру 11,9 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 12,7 пайыз”, - деді ол.
Айбар Олжай соңғы жылдары Қазақстан бюджеті мұнайға тәуелділіктен біртіндеп алыстап келе жатқанын атап өтті.
“Осыдан 10 жыл бұрын біздің шоғырланған бюджетке түсетін кірістің 40–50 пайызы тікелей мұнайдан келетін. Яғни мұнай бағасы көтерілсе бюджет байып, мұнай арзандаса қазына жұқара қалатын. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы салық түсімдері 26,9 триллион теңге болса, соның ішінде мұнайға қатысты салықтар 6,9 триллион теңге ғана болды. Яғни үлесі 25,6 пайызға дейін төмендеді. Бұл Қазақстан экономикасының құрылымында өзгеріс жүріп жатқанын білдіреді”, - деп қосты ол.
Сарапшының пікірінше, ел экономикасы біртіндеп шикізат сатудан дайын өнім шығаруға бет бұрып келеді.
“Қарапайым мысалмен айтқанда, бұрын біз мұнайды сатып күн көрдік, енді біртіндеп мұнайдан жасалған өнімдерді, металлдан жасалған дайын тауарларды, химия өнімдерін шығаруға көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Газ-химия жобаларының дамуы да осының дәлелі. Олар мұнай саласына жатпайды, өңдеу өнеркәсібіне кіреді. Яғни елдің экономикасы шикізаттан өнімге қарай ауысып келеді”, — дейді ол.
Айтуынша, бюджет кірісінің төрттен бірі әлі де осы мұнай мен металл секторына тәуелді.
“Жақын жылдары мұнай өндіру саласында ірі жаңа жобалар жоспарланбағандықтан, мұнай өндірісі бұрынғыдай қарқынмен өседі деп айту қиын. Біздің потологымыз жылына 100 миллион тонна мұнай өндіру болып қалатын сияқты. Енді осы мұнайды шикі емес, өңделген түрінде экспорттау үшін күрес басталды”, - дейді ол.
Биылғы экономикалық өсім өткен жылғы деңгейге жетпеуі мүмкін. Үкімет 2026 жылы ЖІӨ өсімі 5,4 пайыз болады деп болжаса, халықаралық институттар бұл көрсеткішті 4,5 пайыз шамасында деп бағалап отыр.
“Себебі былтырғы өсім базасы тым үлкен және жыл басында мұнай өндіруден тоқырауға ұшырап, кемінде 1,5 миллиард доллар жоғалтып алдық. Бірақ біз үшін өңдеу секторының биыл өзін қалай көрсететіні мағызды. Егер былтырғы серпінді биыл да дәлелдесек, онда шикізаттан кету трендіміз тұрақты құбылысқа айналды деп есептейтін боламыз. Онымен бірге, жыл соңында жаңа салық реформасының эффектісін алдын-ала бағалап көруге мүмкіндік ашылады”, - деп түйіндеді сарапшы.
