Қазақстанда адам саудасына қатысты жаңа деректер белгілі болды

Қаракөз Амантай 29 сәу. 2026 10:05

Қазақстанда сәуір айында адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркелді. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты 9 дерек бар, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл деректер "Stop трафик" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған.

Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді. Полицияның анықтауынша, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін және кейін арнайы қоғамдық қорда тұрған. Кейін ол баладан бас тартуға шешім қабылдағанда, қор жетекшісі сәбиді 50 жастағы әйелге 1 млн теңгеге "асырап алу" мақсатында сатуды ұсынған.

"Қазіргі таңда аталған үш әйел де уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Ал Алматыда адамдарды қылмыстық мақсатта пайдаланған ұйымдасқан топқа қатысты іс тергеліп жатыр. Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды тауып, оларды түрлі тәсілмен өздеріне тәуелді еткен. Кейін олардың атына жалған несие тарихын қалыптастырып, Алматы, Шымкент қалаларында қымбат көліктер рәсімдеп, сатқан.

Қазіргі уақытта негізгі ұйымдастырушылар ұсталған.

Жетісу облысында да еңбекке мәжбүрлеу дерегі тоқтатылды. 2005 және 2007 жылы туған екі жасөспірімді ұрлап әкеткен. Олар бір ай бойы тұрмыстық химия өндіретін цехта күш қолдану арқылы жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Аталған факті бойынша адамды қанау мақсатында ұрлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove