Қызылордада инвесторға заңсыз айыппұл салған шенеунік жауапқа тартылды

Сағыныш Сардарова 30 сәу. 2026 12:05

Қызылордада инвесторға заңсыз айыппұл салған шенеунік жауапқа тартылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қызылорда облысының Табиғат қорғау прокуратурасы инвестордың құқығы бұзылғанын анықтады. Тексеріс Инвесторлардың құқығын қорғау комитетімен бірлесіп жүргізілген.

Прокуратура мәліметінше, облыстық Экология департаментінің қызметкерлері инвесторды заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Бұл жайт инвесторлардың құқығын қорғау саласына жүргізілген талдау барысында белгілі болған.

Инвестор Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 139-бабы бойынша прокурордың міндетті келісімінсіз жауапқа тартылған. Ал заң бойынша инвесторларға қатысты кез келген әкімшілік шара прокуратурамен келісіліп қабылдануға тиіс.

Прокуратураның наразылығынан кейін заңсыз салынған айыппұлдың күші жойылды.

Сонымен қатар, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін Экология департаменті бөлімінің бұрынғы басшысына қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove