Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оразада азық-түлікті қымбаттатпауға, арақ-шарап сатпауға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге үн қатты.
"Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық. Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен Рамазан айының кестесі жарияланды. Бұл туралы елордада Рамазан айына орай өткен төралқа мәжілісінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеді.
"Біз Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесін және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі", - деді бұған дейін Наурызбай қажы Тағанұлы.
