Мәжіліс педагог мәртебесін күшейтетін заңды мақұлдады

Самал Асқар 29 сәу. 2026 11:34

Парламент Мәжілісінде педагог мәртебесі мен білім беру мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Dala News.

Құжат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтердің құқықтары мен заңды мүдделерін күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында депутаттар бастамасымен әзірленген.

Заң жобасының негізгі мақсаты – мұғалімдердің мәртебесін арттыру және құқықтарын қорғау.

Құжатта бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылған. Атап айтқанда, педагогтердің жауапкершілігі тек оқу процесі кезеңімен шектеледі. Сондай-ақ мұғалімдерден есептілікті бір мезгілде қағаз және электрондық форматта жүргізу талап етілмейді.

Сонымен бірге балалардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін кеңейту қарастырылған. Орта білім беру ұйымдарында ұялы телефондарды пайдалану бойынша бірыңғай ережелер енгізу ұсынылады.

Бұдан бөлек, Үкімет бастамасымен заң жобасына қосымша нормалар енгізілген. Олардың қатарында денсаулық сақтау нысандарын салу және пайдалану саласында мемлекеттік жекешелік әріптестік жобаларына қатысатын серіктестер тізімін кеңейту бар. Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған құқықтық тетіктер қарастырылған.

Медициналық білім беру жүйесін жетілдіру мәселелері де жеке блок ретінде енгізілген. Ал жергілікті деңгейде мектеп оқушыларын ғылыми қызметке тартуға қатысты түзетулер ұсынылған.

Заң жобасы бойынша Мәжілістің барлық комитеттері қорытынды берген. Жұмыс тобының бес отырысы және комитеттің бір кеңейтілген отырысы өткізілген.

Комитет төрағасы Асхат Аймағамбетов бұл құжатты бірінші оқылымда мақұлдап, Мәжілістің жалпы отырысының қарауына енгізуді ұсынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove