Салықшылар шетелдік платформаларды бұғаттау туралы маңызды мәлімдеме жасады

Көркем Алдабергенова 19 ақп. 2026 15:41

Салықшылар шетелдік платформаларды бұғаттау туралы маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті цифрлық экономика жағдайында салық салудың ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі және белсенді жұмыс жүргізуде.

2022 жылдан бастап Қазақстан цифрлық қызметтерге салынатын салықты, яғни «Google салығы» деп аталатын салықты табысты түрде қолданып келеді.

«Google салығы» енгізілген кезеңнен бастап 120 шетелдік компания тіркелді, оның ішінде 2025 жылы - 22 компания. Бюджетке түскен түсімдер көлемі 136 млрд теңгені құрады, оның ішінде 2025 жылы - 57,6 млрд теңге, 2026 жылғы қаңтар айында - 8,7 млрд теңге.

Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес екінші деңгейдегі банктер мен төлем ұйымдары шартты тіркеуден өткен шетелдік компаниялар бойынша мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына ұсынады. Аталған мәліметтер Қазақстан Республикасының аумағында жеке тұлғаларға тауарларды электрондық сауда арқылы өткізу және электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде салық міндеттемелерінің толықтығы мен уақтылы орындалуын талдау мақсатында пайдаланылады.

Екінші деңгейдегі банктердің, төлем ұйымдарының мәліметтерін және шетелдік компаниялар төлеген ҚҚС сомалары туралы деректерді өзара салыстыру нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары камеральдық бақылау жүргізеді.

Төлемеу немесе толық емес төлеу фактілері анықталған жағдайда, камеральдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған алшақтықтар туралы хабарламалар қалыптастырылады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 89-бабына сәйкес 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап камеральдық бақылау нәтижелері бойынша жіберілген хабарламаларды, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою туралы хабарламаларды орындамаған шетелдік маркетплейстердің интернет-ресурстарын бұғаттау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін нормалар көзделген.

Аталған шараларды іске асыру отандық және шетелдік нарық қатысушылары үшін тең бәсекелестік жағдайларды қамтамасыз етуге, цифрлық ортадағы салық тәртібін арттыруға, сондай-ақ құжаттық салықтық тексерулер жүргізбестен көлеңкелі экономиканың үлесін төмендетуге бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove